Қазақстанда корпоративті табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша өңдеуші өнеркәсіптің шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жаңа салық жеңілдіктері берілді. Мұндай жеңілдіктер инвестициялық ахуалды жақсарту және өңдеуші өнеркәсіпті дамыту мақсатында берілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады. Корпоративті табыс салығы бойынша Салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібін қолданатын және өңдеуші өнеркәсіпте қызметін жүзеге асыратын шағын кәсіпкерлік субъектісіне Салық кодексінің 274-бабы 4-тармағының талаптарына сәйкес келетін өндірістік мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстарды сатып алуға немесе салуға есептелген салық салынатын кіріс сомасын азайту құқығы берілді (Салық кодексінің 288-бабы 1-тармағының 7) тармақшасы). Аталған жеңілдіктер 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енген. Қосылған құн салығы бойынша Өңдеуші өнеркәсіпте өнім өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыру нәтижесі болып табылатын тауарларды өткізу кезінде жаңа өндірістік компаниялар үшін ҚҚС бойынша қосымша есепке алуды (70%) қолдану құқығы көзделген. Жеңілдіктерді алкоголь ішімдіктерін, темекі бұйымдарын өндірушілер және металлургия өнеркәсібіндегі салық төлеушілер қолдана алмайды (Салық кодексінің 412-бабы 1-тармағының 4) тармақшасы). Аталған жеңілдіктер 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген.
Корпоративті табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша жеңілдіктер
28 Фев