2009 жылдан бастап Салық кодексі 111 ілеспе заңдармен өзгертілді, яғни бұл жылына шамамен 16 заң, барлығы 2300-ден астам бапқа түзетулер енгізілді деген сөз.
Жақында TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының қолдауымен дөңгелек үстел барысында сөз сөйлеген «Учет» компаниялар бірлестігінің басшысы Максим Барышев жиналған қауымның назарын салық мәселелеріне аударды.
Оның айтуынша, соңғы бес жылда Қазақстанда Салық кодексі 54 рет өзгертуге ұшыраған. Салық жүктемесі тек қолданылатын нормалар тұрғысынан ғана емес, нақты тәжірибе тұрғысынан да нашарлады. Заңдарды қайта жазудан ауыз толтырып айтарлық нәтиже шыққан жоқ, қайта кәсіпкерлер мен отандық бизнес жаңа проблемаларға тап болды.
Мұндай тұжырымдаманы тәуелсіз аудитор Ғалия Нүри де растап отыр. Сарапшы ұсынған мәліметтерге сенсек, 2009 жылдан бастап Салық кодексі 111 ілеспе заңдармен өзгертілді, яғни бұл жылына шамамен 16 заң, барлығы 2300-ден астам бапқа түзетулер енгізілді деген сөз. Нәтижесінде Заңнамадағы мұндай тұрақсыздық, әсіресе, кәсіпкерлердің қалтасына ауыр тиетіні сөзсіз.
Мәжіліс депутаты Айдарбек Ходжаназаров салық саласындағы тұрақсыздық, әсіресе, шалғай ауылдардағы шаруашылық иелеріне, жалпы шағын бизнес өкілдеріне қатты әсер ететінін айтты. Өйткені ауылдарды білікті маман – бухгалтерлер тапшы, оған қоса кішігірім кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкердің оған қаражаты да жете бермейді, ал өздігімен төленетін алымдарды есептеу де қиын. Сондықтан жаңа Заңнаманы бәріне бірдей түсінікті етіп, қарапайым тілмен жазу керек, ауыл шаруашылығы өкілдеріне жалпыға бірдей ортақ бір салықты бекіту керек деген ойын жеткізді.
Сонымен қатар, Максим Барышев жалақыға салынатын салықтың жылдан-жылға өсіп жатқанын, салдарынан кәсіпкерлер қызметкерлерді заңды түрде жұмысқа алудан бас тартып, қолма-қол жалақы төлеуді жөн көретінін айтады.
Дегенмен сарапшылар соңғы жылдары қабылданған бөлшек салыққа дән риза. Бұл режим 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосылды және басында 2 жылға есептелген болатын, бірақ биыл қайта күшіне енді.
Мемлекет басшысының Жолдауында кәсіпкерлер үшін жақсы жаңалық – бөлшек салығы аясын кеңейту тапсырылды.
Қазақстан салық нормалары бойынша Дүниежүзілік банкпен бірлесіп PwC жүргізген «Paying Taxes 2019» зерттеуінде 56-шы орынды иеленді. Зерттеу 14 жыл бойы жүргізіліп келеді. «Paying Taxes 2019» зерттеуі әлемнің 190 елі бойынша салық заңнамасы мен қолдану практикасының талдауын ұсынады. Тәуелсіз аудитор Қазақстандағы салық жүйесінің ауыртпалығын өзге елдермен салыстыра отырып, орташа деп бағалады. Біздің жүйеге тек тұрақтылық жетіспейтінін алға тартты.
«Зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстанның жалпы салық ставкасы 29,4%-ды құрайды, бұл компания пайдасындағы салықтар мен жарналардың үлес салмағын білдіреді. Бұл көрсеткіш өткен жылдың деңгейінде қалып отыр. Қазақстанның бұл көрсеткішін (29,4%) басқа юрисдикциялармен салыстырар болсақ, ол Орталық Азия мен Шығыс Еуропа елдері бойынша (32,8%), сондай-ақ Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы («ЭЫДҰ») елдері бойынша орташа мәннен едәуір төмен (40,2%)», — деп түйіндеді сарапшы.